alschool
» » ҰСТАЗ БОЛУ – АДАМНЫҢ АСЫЛДЫҒЫ
» » ҰСТАЗ БОЛУ – АДАМНЫҢ АСЫЛДЫҒЫ

    ҰСТАЗ БОЛУ – АДАМНЫҢ АСЫЛДЫҒЫ


    ҰСТАЗ БОЛУ – АДАМНЫҢ АСЫЛДЫҒЫБүгін біз барлық мұғалімдерді кәсіби мерекесімен құттықтаймыз. Педагог — қадірлі мамандық. Сіздерді бүкіл саналы ғұмырын бала тәрбиесіне, мектепте білім беруге арнаған ерлі-зайыптылармен таныстырғымыз келеді.

    «Барша ұстаздарды мерекесімен құттықтаймыз! Мұғалім үшін ең үлкен сый – шәкірттерінің жетістігін көру. Біздің мұратымыз да осы. Әр мұғалім өз шәкірттерімен мақтана алатындай деңгейге жетуін тілейміз», — деп бүгінгі сұқбатымыздың кейіпкерлері жүрекжарды батамен сөз бастады.

    Мыңжасаров Дүйсен Досбосынұлы мен Асылбек Фарида Мұханбекқызы бар өмірін бала оқытуға арнаған жандар. Екеуінің мұғалімдік еңбек өтілін қосқанда 64 жылды құрайды екен. Ерлі-зайыптылар ұстаздық етуді бірге бастап, Алматыға көшіп келгеннен бері №109 мектепте иық тіресе еңбек етіп келеді.

    Олар бала күнінен таныс. Райымбек ауданы, Кеген ауылындағы Жалаулы мектебінде бірге оқыған. Дүйсен бойжеткеннің ағасымен дос еді. Алғаш рет 9 сынып оқып жүргенде сезімін білдірген екен. «Фарида институтты бітірген кезде бас қостық», — дейді Дүйсен. Сол кезден бастап олардың жұбы жазылған емес. Қазір бес бала өсіріп, жеті немере сүйген қадірлі ата-әже.

    Екеуінің де мұғалімдікті таңдауы бекер емес. «Біздің кезімізде мұғалім ең қадірлі адам еді. Мұғалімнің орны әрқашан төрде, барлық бала ұстазына еліктейтін. Ата-анамыз да біздің педагог болғанымызды қалайтын», — дейді Фарида апайымыз.

    Фарида Мұханбекқызы мамандық таңдауына дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Ұлту апайының ықпал еткенін айтады. Мұғалімі ауылда ең сыйлы адамның бірі, күйеуі де көз дәрігері еді. Сол кездегі мектеп оқушысы мұғалімінің сұлулығына мен сымбатына, жүріс-тұрысына қатты қызығатын. Әрі бала кезінен спортты сүйіп, жеңіл атлетика, баскетбол ойнауды ұнататын. Сондықтан да Дене шынықтыру институтына түсіп, 1984 жылы бітірді.

    Дүйсен де педагогтар отбасында дүниеге келген. Үш әпкесі де мұғалім еді. Сол себепті мамандық таңдарда көп ойланбай Казақ педагогикалық институтына келді. Бала кезінен есеп шығаруды сүйетіндіктен математиканы таңдады. Математикадан сабақ берген алғашқы ұстаздары мектеп директоры Құрман Нүсіпов пен оқу ісінің меңгерушісі Төкен Сәркеевті әлі күнге дейін жылы еске алып отырады. «Ауыл баларының көпшілігі оларға қызығатын, сол кісілерге қарап өстік», — дейді ұстаз.

    Институт бітірген соң кейіпкерлеріміз өздері бітірген Жалаулы мектебіне келді. Дүйсен Досбосынұлы өзіне білім берген математик ұстазымен бірге жұмыс істеу бақыты бұйырғанын айтады. «Құрман Нүсіпов мені ұмытпапты. Математик болып оралғанымда қатты қуанды», — дейді Дүйсен ағай.

    Фарида Мұханбекқызы өзі таңдаған мамандықтың сыры мәлім мәлім, жұмысының жайын білетін отбасыға келін болды. Жас келінді енесі үнемі қолдап отыратын. «Ол таңда кетіп, кешке келетін. Басында түсінбедім. Фарида институтты менен бұрын бітіріп, жұмысқа ерте араласты. Кейін өзім де мұғалімдік қызметіме кіріскен кезде жағдайға қанықтым. Себебі педагог болу – жұмысыңа жан-тәніңмен берілу еді», – дейді Дүйсен ағай. Дүйсен Досбосынұлы еңбек жолын жұбайынан екі жыл кеш бастады. Алдымен әскери борышын өтеп келді. Отбасының қолдауы мен көмегінің арқасында Фарида Мұханбекқызы жұмысына толық беріліп істеп, еш алаңдамады. 12 жылдан соң Жалаулы орта мектебінің директорлығына тағайындалды. Осы қызметін 18 жыл атқарды. Спортты да қалдырған жоқ. Мұғалімдер арасындағы қысқы спартакиадаларда қалалық, облыстық және республикалық деңгейінде шаңғы сайысының бірнеше рет жеңімпазы болды.

    Дүйсен ағай мен Фарида апайымыздың отбасында ерекше жылу бар. Туған туыстардың ішінде тағы алты адам педагог. Кіші қызы да әке-шешесінің жолын қуып, психолог болды. Ол өткен жылы республикалық «Жыл психологы» байқауында жеңімпаз атанды. Қазір Кеген ауылында жұмыс істейді. «Туыстар бас қосқанда педагогикалық кеңеске жиналғандай боламыз: жұмыс жоспарын талқылаймыз, мамандығымызға қатысты мәселелерді сөз етеміз, бала тәрбиесі, білім саласындағы жетістіктер мен кемшіліктер жайлы пікір таластырамыз», — деп күледі олар.

    Алматыға олар жақында көшіп келді. 109-шы мектепте Дүйсен Досбосынұлы мен Фарида Мұханбекқызы төртінші жыл еңбек етіп келе жатыр. Дүйсен ағай 8, 9 и 10 сыныптарға сабақ береді. Ал Фарида апайдың қабылдап алған бастауыш биыл төртінші сыныпқа көшті. Оның тағы 6, 8 сыныптары да бар. Педагогтар өз оқушыларының пәндік олимпиада мен шығармашылық байқауларда жеңімпаз атанып жүргенін мақтана айтады.

    Фарида Мұханбекқызы күнделікті жұмысқа қалай дайындалатынын да айтып қалды. «Сабақ сегізде басталады. Үйден жетіде шығамын. 15-20 минут белдеме темір айналдырып, жіппен секіріп, сабаққа дайындалып аламын».

    Білім саласының болашағынан үмітім көп, — дейді Дүйсен ағаймыз. «Қазір ғылым мен техниканың заманы. Президент те алдымызға зор мақсат қойып отыр. Оған қол жеткізу үшін озық білім алуымыз керек». Педагог әріптестерінің жаңашылдыққа ынталы екеніне сенімді. Үш жыл сайын біліктілік көтеріп отыратыны тағы бар. «Бәсекеге қабілетті ұрпақ тәрбиелеу үшін оларды заман талабына сай тәрбиелеу керек. Алған білімін өмірде қолдана алатындай жағдайда болуы керек. Мұнымен қатар, тәрбиеге де қатты назар аудару керек», — дейді Дүйсен Досбосынұлы.

    Фарида Мұханбекқызы мұғалімдікке тек жүрек қалауымен, шын мәнінде бала оқытуға махаббаты зор жандар ғана барса деп тілейді. «Балалармен жұмыс істеу үшін ерекше ынта, жігер керек. Педагог жаңа әлем, жаңа әдіс, жаңа білім беру жолын ашуға ұмтылып, бала бойында білімге деген қызығушылықты оята білуі керек. Баланың өмірде өз орнын табуында ұстаздың көп үлесі бар. Ұстаз болғысы келетін жан білімді, мәдениетті болып, балаға тек сабақ беріп қана қоймай, тәрбиесіне де үлес қоса алатын тұлға болуы шарт», — дейді ұстаз ана.

    Дүйсен Досбосынұлы мерекеге арнап Ғафу Қайырбековтің өлең шұмағын оқып берді: "Ұстаз болу – жүректің батырлығы, Ұстаз болу – сезімнің ақылдығы, Ұстаз болу – мінездің күн шуағы, Ұстаз болу – адамның асылдығы”.

    ҰСТАЗ БОЛУ – АДАМНЫҢ АСЫЛДЫҒЫ
    ҰСТАЗ БОЛУ – АДАМНЫҢ АСЫЛДЫҒЫ


    Ұқсас жаңалықтар
  • ҚАЙТАЛАУДЫҢ ПАЙДАСЫ: БАЛАҒА МИДЫҢ МҮМКІНДІКТЕРІН ҚАЛАЙ ТҮСІНДІРУГЕ БОЛАДЫ?
  • «Раxат» ықшам ауданындағы балалар мектепке сыймай әлек
  • 2017 жылғы 10 наурызда Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінде
  • «Сауат ашу» пәні «Әліппе», «Ана тілі» болып оқытылатын болды
  • Көктемнің шуақты мерекесін тойлау...

Фото жаңалықтар
Бүгінгі Оқиға
Соңғы жаңалықтар
07 май Әл-Фарабиды тану – ҚазҰУ міндеті

04 май Абай институты – ҚазҰУ жастарының зор мүмкіндігі

04 май ҚазҰУ-ым – қарашаңырағым!

Жаңалықтар топтамасы